2020 жылдың 28 желтоқсан күні Қаратөбеде көптен күткен жаңа ғимараттың ашылуы болды. Алаштың сиезі өткен киелі жерде, Алаш арыстарына және Қазақстанның батыс өңіріне кеңінен танымал журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың құрметіне Қаратөбеде Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат көп нысанның бірі емес, бірегейі боларына сенімдіміз. Музей боп бой көтерген бұл нысан күні кеше халық игілігіне жол артты.
Қайыржан Хасанов Батыс Қазақстан облысына белгілі Қазақстанның құрметті журналисі, Қаратөбе тарихын зерттеп, қағаз бетіне түсіріп кеткен өлкетанушы. Ұлдары да елге сыйлы азаматтар. Қайыржан Хасановтың Ержан мен Нұржан атты ұлдары әкесінің бағыт-бағдарымен, көрсеткен сара жолымен өнегелі де халық игілігі үшін көп жылдан бері түрлі меценаттық жобалар жасап келеді. Сондай жобаның бірегейі Алаш сиезі өткен жерді одан әрі ұлықтау, Қайыржан Хасановтың еңбектерін өскелең ұрпаққа жеткізу, дәріптеу мақсатында 2018 жылы жерлестер форумында туған жерге саябақ саламыз деген Ержан Қайыржанұлы жергілікті жақсылармен ақылдаса келе, 2019 жылдың тамыз айында музейдің іргетасын қаласа, міне, бүгін осы музей есігін айқара ашты.